Тарихи ішкорпус – ескі кезеңдерден бері жарық көрген әртүрлі графикалық жүйедегі жазба мұралар мәтіндерінің метабелгіленімдері бар электрондық база. ҚТҰК-ның тарихи ішкорпусының мақсаты – XII-XX ғғ. жазба мұралар мәтіндерінің түпнұсқа (араб, латын графикаларындағы), транскрипциялық және қазіргі қазақ тіліндегі аударма мәтіндерінің электрондық базасын жасау, олардың метабелгіленімдерін әзірлеу. Әзірленіп жатқан тарихи ішкорпус XII-XX ғғ. араб және латын графикасында жазылған жазба мәтіндер базасынан тұрады. Корпусқа әр шығарманың қолжазбасы, транскрипциясы мен аудармасы енгізілді. Қолжазбаның әр бетіне сәйкес берілетін мәтіннің транскрипциясы мен аудармасы зерттеушілерге тарихи- салыстырмалы, диахронды-сихронды зерттеулер жасауына мүмкіндік береді. Метабелгіленімде шығарманың қысқаша мазмұны, тақырыбы, авторы, жарияланған жылы, сақталған орны, стилі, жанры, мәтін нұсқалары, баспасы, бет саны т.б. туралы ақпарат беріледі. Мәтіндердегі тарихи сөздердің лингвистикалық белгіленімдері (графикасы, сөз табы, мәнмәтіндегі мағынасы (аудармасы) берілген. Корпусқа енетін ерте дәуірде, орта ғасырда жазылған барлық жазба мұралар мәтіндерінің базасы және ондағы лингвистикалық мәліметтер шығыстанушыларға, тарихшыларға, түркітанушыларға, жалпы көпшілікке таптырмас пайдалы құрал бола алады. Тарихи ішкорпус базасына енген мәтіндер саны – 66, сөзқолданыс саны – 655 997.