KZ | RU | EN
Қазақ тілінің ұлттық корпусы сайтына қош келдіңіз! Корпус сайтында қазақ тілінің электронды мәтіндік қоры жинақталған. Корпустағы мәтін көлемі – 40 миллион. Мәтіндер қазақ тілінің 5 стиль түрінен (көркем стиль, ғылыми стиль, публицистикалық стиль, ісқағаз стилі, сөйлеу стилі) жинақталған. Корпустан сөз, сөзформа (сөз түрленімі) бойынша іздеу жүргізіп, іздеген сөзіңіз қолданылған сөйлемдердің тізімін және олардың дереккөзін көре аласыз. Табылған сөз/сөзформа немесе мысалдардағы кез келген сөз туралы тілдің барлық деңгейіне қатысты ақпарат беріледі. Корпусты қазақ тілінде сөйлеушілер мен қазақ тілін үйренушілер қолдана алады.


ЖАЛПЫ МӘЛІМЕТ



Терминологиялық ішкорпус – қазақ тіліндегі әртүрлі ғылым салалары бойынша жазылған еңбектерден жинақталған мәтіндерден тұратын және сала терминдері туралы жан-жақты лингвистикалық ақпарат беретін электронды база. Терминологиялық ішкорпус мынадай мақсаттарға қызмет етеді: ғылым салалары бойынша зерттеулер жүргізуде, жалпы қолданысты терминдерді бірізді, жүйелі қолдануға ықпал етеді; әртүрлі ғылым салалары бойынша аудармаларды сәтті жасауға, машиналық мәтіндік аудармалар мен онлайн сөздіктер жасауға пайдалы болады; қоғамдық қатынастарда жиі қолданылатын терминдерді, сонымен қатар ғылым салалары терминдерін (тарсалалық), әсіресе оқулықтар мен оқу құралдарындағы, яғни білім беру жүйесінің терминологиясын біріздендіруге септігін тигізеді; сала мамандарының, терминолог-ғалымдардың ғана емес, жалпы көпшіліктің терминологиялық білімін жетілдіруге пайдасын тигізіп, мемлекеттік тілдің этносаралық қарым-қатынасты күшейтетін инновациялық, ақпараттық-зияткерлік база ретінде қолданылады. Терминологиялық ішкорпус базасына енгізілген 5 000 000-ға жуық сөзқолданыстан тұратын ғылыми мәтіндерге метабелгіленімдер (дереккөзі, мәтін типі, мәтін тақырыбы, мәтін стилі, мәтіннің кілт сөздері, ғылым саласы т.б) жасалды. Терминологиялық ішкорпусқа енгізілген әртүрлі ғылым салаларының 10000 терминіне мынадай параметрлерді қамтитын терминологиялық белгіленімдер қойылды: терминнің қазақ және орыс тілдеріндегі нұсқасы, этимологиясы және оның қазақ тіліндегі баламасы, қазақ тіліндегі анықтамасы, дереккөзі, қолданылатын саласы, авторы, құрамы, бекітілген нұсқасы, жылы, салалық терминологиялық сөздіктердегі аудармасы, терминнің заңнамадағы қолданысы (аудармасы және нұсқалары).